
Қазақстандық боксшы, WBO және IBF Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына тап болды, деп жазады qandastar.kz
Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) жүргізген талдауынан кейін боксшының қанынан мельдоний атты тыйым салынған препарат табылғаны туралы ақпарат алғаш болып The Ring журналында жарияланды. Кейінірек бұл деректі Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) ресми түрде растады.
The Ring басылымының мәліметінше, WADA-ның жоспарлы тестілеуі кезінде алынған екінші сынамадан «белсенді емес» деп саналатын, бірақ тыйым салынған мельдоний анықталған. Осы себепті 6 желтоқсанда өтуі тиіс болған Жәнібек пен Эрисланди Лара арасындағы аса маңызды титулдық жекпе-жек өтпеуі мүмкін деп жазды журналист Дэн Рафаэль. Оның айтуынша, жекпе-жекті ұйымдастырушылар кездесуді ресми түрде тоқтатуға шешім қабылдаған. Алайда, ресми тараптар жекпе-жектің тағдыры жөнінде нақты мәлімдеме жасаған жоқ.
Алайда, Жәнібек Әлімханұлы бұл айыптаулармен келіспейді. Ол әлеуметтік желіде WADA алған алғашқы сынаманың таза болғанын, дәрумендерін өзгертпегенін айтып, жанкүйерлерін сабырға шақырды.
Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мұны жақсы білесіздер. Мен таза спортты насихаттап жүргенімді де білесіздер. Жаңалықты оқып таң қалып отырмын. VADA бірінші рет анализ алып бәрі таза деп еді. Мен витаминдеріме де тамағыма да ешқандай өзгеріс енгізбедім. Екінші рет тестте неге мұндай болғанын түсінбей отырмын, біз қайта анализ тапсыруға өтініш айттық. Жауабын күтіп отырмыз!», — деп жазды Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желіде.
Әлімханұлы командасы WADA-дан қосымша тексеріс сұрап, дәлелдер жинау үстінде.
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) отандасымыздың допинг-сынамасына қатысты ресми мәлімдеме жасап, ішкі тексеріс басталғанын хабарлады. Бұл туралы ұйымның X (Twitter) әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жарияланды. WBO өкілдері WADA тарапынан «Qazaq Style»-дың сынамасы оң нәтиже бергені туралы хабарлама алғанын растады.
WBO жағдайды жылы жауып қоймай, өз ережелеріне сай әрекет етуге көшті. Ресми хабарламада былай делінген:
«Біз спортшылардың қауіпсіздігі мен адал бәсекелестікті қолдаймыз. WBO ережелері мен регламентіне сәйкес, ішкі тергеу процесі басталды. Жақын арада Жәнібек Әлімханұлына түсініктеме беру туралы ресми талап (Show Cause Notice) жіберіледі».
Бұл дегеніміз – қазақстандық боксшы WBO алдында есеп беріп, тыйым салынған заттың ағзасына қалай түскенін дәлелдеуі тиіс. Егер дәлелді себептер келтірілмесе, мәселе чемпиондық белбеуден айыруға дейін баруы мүмкін.
Әзірге ұйым қосымша түсініктеме беруден бас тартты. Барлық шешім тек жазбаша түрде хабарланатын болады.
IBF әзірге бұл жағдайға қатысты ресми позициясын жариялаған жоқ.
Дэн Рафаэльдің дерегі бойынша, сынамада мельдоний анықталған. Бұл препарат жүрек-қан тамырлары және ми қанайналымы бұзылған кезде медициналық мақсатта қолданылады. 2016 жылдан бастап кәсіпқой спортта толықтай тыйым салынған.
Бокс әлемі бұл істің нәтижесін күтіп отыр.



