Әлеуметтік желіде ерекше балалардың ата-анасына тіл тигізген блогерге 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Syrmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Ол өз парақшасында мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты бейәдеп сөздер айтып, қоғамның наразылығын тудырған болатын.
«Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілмеді, себебі бұл әрекет тек әкімшілік өндіріс аясында қаралады», — деп жазды Астана соты.
Блогер кінәсін ішінара мойындаған.
Және ешбір балаға зиян келтірмегенін, тек «балалардың ауру белгілерінің бірін зерттегенін» айтты.
«Дұрыс түсінбегендер үшін мен балалардың ауру белгілерінің бірін зерттеп, талдап, азғындық пен ретсіз жыныстық қарым-қатынастарға назар аударғанымды түсінулеріңіз керек. Бұл басқаларға, туа біткен аурулар немесе жазатайым оқиғаға ұшырағандарға қатысты емес», — дейді блогер.
Ол сондай-ақ өзінің оқырмандарынан айыппұлды төлеуге көмектесуді сұрады.
«Мені қолдайтындар үшін Kaspi есеп шотым көрсетілген. Сіздер мені кем дегенде қаржылай қолдай аласыздар. Егер біреу менің әкімшілік айыппұлымды өтегісі келсе, мен өте риза болар едім», — дейді блогер өз видеоүндеуінде.



