«Комментарий» аналитикалық тобының жетекшісі, экономист Эльдар Шамсутдинов Қазақстанда девальвацияны экономиканы қолдаудың басты құралы ретінде ұсынуға қарсы. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qandastar.kz
Экономистің айтуынша, соңғы уақытта қоғамдық кеңістікте «девальвация — жалғыз шешім» деген риторика күшейді.
«Экономика құлдырап жатыр» деген сөз – классикалық құрал
Шамсутдинов қазіргі жағдайды дағдарыс ретінде сипаттау шындыққа жанаспайды дейді.
«Бізге экономика құлдырады дейді, бірақ статистика 5%-дан жоғары өсімді көрсетіп отыр. Бұл құлдырау емес. «Голланд кеселі» туралы тезистер тек “шок” шешімге жол ашу үшін таратылып жатыр», – деп жазды ол.
Банк секторындағы шығындар – девальвацияны талап етудің себебі
Шамсутдиновтің айтуынша, бірқатар банктер теңгенің әлсіреуіне үміт артқан, алайда ұлттық валюта нығайып, олар шығынға ұшыраған.
«Базалық мөлшерлеменің өсуі қор құнын арттырды, банктердің пайыздық маржасы қысқарды. Осы себепті қаржы институттары қысқа мерзімді әрі қымбат мемлекеттік бағалы қағаздарды шығаруға, Қаржы министрлігіне қысым көрсетіп отыр», – дейді ол.
Экономист банктерге қазір «жедел табыс» қажет екенін, өйткені оларға олқылықтарды жабу керек екенін атап өтті.
«Девальвация – жарақаттайтын шара»
Оның пікірінше, девальвация инфляцияны күрт үдетеді. Ал тұтынушылық кредиттер сегментінде инфляция онсыз да 30-40% деңгейінде тұр.
«BNPL қалай жұмыс істейтінін де түсінбейтін сарапшылар бар. Олардың түсінігінде тұтынушылық кредиттеу мүлдем жоқ», – деді экономист.
«Нарық» туралы тезистер — банктердің мүддесі
Экономистің айтуынша, «мемлекеттік инвестициялар қателік» деген ұсыныстардың артында нағыз бәсекелі өндіріс емес, тек банктердің мүддесі жатыр.
«Мен банктерді жамандағым келмейді, бірақ объективті болайық, халықтың болашақ табысын дисконттап үлкен табыс табатын кезең аяқталды», – деп жазды ол.



