Жаңалықтар

«Үкімет президенттің артына тығылады»: депутаттар министрлер кабинетін сынға алды

Мәжіліс отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев Үкімет мүшелерінің диалогқа дайын еместігін айтып, олардың салық реформасындағы әрекеттерін қатты сынға алды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы NUR.KZ-қа сілтеме жасап.

Депутаттың айтуынша, Салық кодексін қабылдау барысы Үкіметтің парламент ескертулерін елемегенінің айқын дәлелі.

«Үкімет тәуекелдері туралы парламенттің ескертулерін назарға алмайды. Кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз деп уәде берді. Бірақ жағдай ушықты. Тек мемлекет басшысының араласуынан кейін ғана бірқатар нормалар тоқтатылды. Үкімет тағы да өз қателіктерін президенттің шешімімен жауып, оның артына тығылып қалды», – деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутаттардың айыптаулары: этика, халықтан алшақтық және даулы мәлімдемелер. Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, соңғы уақытта шенеуніктердің әдепсіз әрі ойланбай айтылған сөздері қоғамның ашуын тудырып, ғаламторда мемге айналған.

«Жақында Сауда вице-министрі жаңажылдық дастарқанның құнын талқылағанда «әмиянға» сүйенуді ұсынды. Ал азық-түлік бағасы туралы сұрақтарға келгенде, біздің Үкімет мүшелері үнемі нақты жауап бере алмайды. Алматы облысы әкімінің орынбасары мүгедектігі бар адамдарды көпшілік алдында қорлап, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірді. Сондай-ақ, Қорғаныс министрінің әскердегі суицид жағдайларына қатысты ирониялы жауабы адамдық этика мен қарапайым жанашырлықтың барлық шегінен асып түсті. Мұның барлығы – халықтан алшақтықты, қоғам мәселелеріне жанашырлықтың жоқтығын көрсетеді», – деді депутат.

Еске сала кетсек, бұған дейін ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Салық реформасының салдарынан 300 мыңға жуық кәсіпорынның жабылуы мүмкін екенін айтқан еді. Оның айтуынша, бұл – бизнесті арандату үшін пайдаланылған компаниялар.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button