ЖаңалықтарСпорт

Жәнібек Әлімханұлының допингті қабылдамағанына сенімдіміз – Туризм және спорт вице-министрі

ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлынан допингтің табылуына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Бүгін біз Бүкіләлемдік бокс ұйымының (WBO) оқиғаға байланысты ішкі тексерісті бастағаны туралы жазған болатынбыз.

«Қазіргі уақытта Туризм және спорт министрлігі Жәнібек Әлімханұлының командасымен байланыста. Өкінішке орай, допингке қарсы ұйым мельдоний одан анықтауына байланысты жекпе-жек болмайды. Дегенмен, Жәнібек Әлімханұлының мәлімдемесіне сенеміз және оның допингті қабылдамағанына сенімдіміз. Ағзасына допингтің қалай түскенін допингке қарсы ұйыммен әлі де анықтау қажет», – деді Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Вице-министр жұртшылықты қорытынды шығаруға асықпауға, допингке қарсы тексерудің толық аяқталуын күтуге шақырды.

«Туризм және спорт министрлігі бұл жайттан тыс қалмайды. Жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Қажет болса, осы жайтқа құқықтық алаңда баға бере алатын халықаралық сарапшыларды тарта аламыз. Қазіргі уақытта қалай пайда болғанына қатысты бірнеше пікір айтылып жатыр. Бірақ, мен нақты жауап бере алмаймын. Ең алдымен ресми ақпарат күту керек. Екіншіден, мұндай жайт кезінде әр спортшының өзін қорғаудың тәсілі де, мүмкіндігі де бар. Оның командасына біздің тараптан қандай да бір көмек керек болса дайынбыз», – деді Серік Жарасбаев.

Айта кесек, бүгін орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) мен WBA чемпионы Эрисланди Лара (31-3-3, 19 KO) арасындағы жылдың басты жекпе-жегі ресми түрде өтпейтіні белгілі болды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button