Қызылорда облысына қарасты Шалқия ауылында қаңырап тұрған, тұрғындары өте аз үйлерге табиғи газ жүйесінің жүргізілгені әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі soyleyoutube парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бейнежазбада елді мекендегі тастанды күйдегі үйлер мен газ құбырлары көрсетілген.
Желі қолданушылары бұл жағдайға түрлі пікір білдірді. Олардың бірі туған ауылына деген өкінішін білдіріп «Эхх, туып-өскен, кіндік қаным тамған жерім-ай. Шалқия кезінде дүркіреп, қазаны қайнап, халқы жайнап, бала-шаға қуаласпақ ойнап жүрген керемет елді мекен еді. Әлі де дүркіреп жайнайтынынан үміттімін», — деп жазды.
Кейбір азаматтар инфрақұрылым жұмыстарына күмән келтіріп, «Әкімдік ақша жеу керек қой» деген сынды пікір қалдырған.
Ауылдағы қазіргі жағдайға қатысты жергілікті атқарушы органдар тарапынан ресми түсініктеме жарияланған жоқ.



