«The Voice Қазақстан» жобасының тәлімгерлері Тұрар Ыдырыс пен Бағым Мақсатқызы «Қызық Times» бағдарламасының студиясында арнайы қонақ болды, деп жазады qandastar.kz.
Бағдарлама барысында Тұрар Ыдырыс көптен айтылып жүрген әңгімеге түсінік беруді сұрап, Бағым Мақсатқызынан:
«Бейнебаян түсіріліп жатқан кезде танымал әншілердің орнына сіз ән орындап берді деген рас па?» – деп сауал қойды.
«Есіме бір оқиға түсіп отыр. Айтуға бола ма, білмеймін. Бұрын «Дауыс International» деген төрт қыздан құралған топ бар еді. Солардың бейнебаянын жедел шығару керек болған, ал қыздардың дайындығы толық болмаған. Сол кезде сіз төрт түрлі дауысқа салып орындап бердіңіз деген рас па?» – деп сұрады ол.
Бағым Мақсатқызы бұл әңгіме сәл асыра айтылғанын жеткізіп, өзі тек екі қатысушының орнына ғана дауыс жазғанын түсіндірді.
«Төртеуінің де орнына айттым деген дұрыс емес. Асыл мен Рано дайын болды. Ал Әсел Сәдуақасова және тағы бір қыз дайындыққа үлгермей қалды. Әсел ол кезде 10-сынып оқушысы, кастингке алғаш рет қатысқанымен топқа өтіп кетті. Бізге бейнебаянды тез түсіру қажет болды. Олар жеке өнер көрсеткенімен, экспромтпен айту дағдысы болмаған. Сол себепті екі қыздың партиясын екі түрлі тембрмен өзім орындап бергенмін», – деді продюсер.
Жүргізуші нақтылай сұрап: «Қазір YouTube-тен сол әнді ашсақ, онда сіздің даусыңыз естіле ме?» – дегенде, Бағым Мақсатқызы бұны растады.
«Әрине, ол жазбада менің дауысым бар», – деп жауап берді ол.



