Журналист Арман Әубәкір жаңадан тағайындалған Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен бір жатақханада тұрған сәттерімен бөлісті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ол өз әлеуметтік желісінде министрмен алғашқы кездесуі туралы жазба жариялады.
Айтуынша, жаңа министрдің қабылдауында болып, ерекше әсер алған.
«Сол баяғы Жұлдыз ғой – «министрмін» деп көкірек кермеген, өзін байсалды қалыпта ұстай білгені қуантты. Өмірінде түк көрмеген адамның қолына сәл ғана билік тисе, қабағы қатуланып, айналасын қуырып жейтіндей айбат шегетіні бар. Ондайлардың талайын көргенбіз. Сосын қолынан билік кеткен соң өзінің сол мінезінен өзі ұялып (егер ұяты болса), бүгежек қағып жүргені», — деп жазды ол.
Журналистің айтуынша, Жұлдыз студент кезінде-ақ «министр боламын» дейтін еді.
«Сол ұлы мақсатына ақыры жетті. Демек, адам шын сенсе, талмай, тұрақты еңбектенсе, армандар орындалады. Әйтпесе, бір қарағанда қарапайым отбасынан шыққан қаршадай қыздың осындай биікке самғауы мүмкін бе? Өмірде бәрі де мүмкін екен. Сенімнің қуаты дерсіз. Бір жағынан, бұл да болса, ізгі қоғамның қалыптасуының алғышарты болар», — дейді Әубәкір.
Журналист жаңа министрмен бір жатақханада тұрған сәттерімен де бөлісті.
«Айтыңызшы, бір кезде жатақханада іргелес тұрған көршіңнің министр болуы қалайша қуантпайды?!», — деді ол.




