Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Экс-депутат Мәжілістегі «құпияларды» ақтарды

Экс-депутат Гаухар Танашева Мәжілістен шеттетілуіне билікті ашық сынауы себеп болғанын мәлімдеп, Парламент ішіндегі цензураның жай-жапсарын жария етті. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Ertenmedia сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Azattyq арнасына берген сұхбатында Танашева Мәжілістегі соңғы күндерінің қысым мен қудалауға толы болғанын жайып салды. Оның сөзінше, мандатынан айырылуына Үкімет пен халық арасындағы байланыстың жоқтығын өткір сынаған сауалы түрткі болған.

Танашеваның айтуынша, қарапайым халықтың тұрмысын көтеріп, қоғамның шынайы мәселесін айтуға тырысқанымен партия басшылығы оның соңғы депутаттық сауалын мінберден оқуға мүлде рұқсат бермеген.

«Соңғы депутаттық сауалым Халық партиясының басшылығына ұнамады. Сауалдың мәтіні алдын ала вице-спикер Әлберт Рауға жолданыпты. Ол маған төтесінен: «Айналайын, мына сауалды оқымайсың» деген шарт қойды. Бірақ мен ешкімнің келісімін күтпей, мінберге шығып, сауалымды оқып шықтым», — деді экс-депутат.

Үкімет сағаты мен жиынның барлығы алдын-ала келісілген сценарий бойынша өтеді.

«Мәжілістегі талқылаулар спектакль. Кімнің қандай сұрақ қоятыны, министрлердің қандай жауап беретіні алдын ала келісіліп қояды. Министрлер дайын жауаппен, депутаттар алдын ала бекітілген сұрақпен ғана шектеледі. Сондықтан жиналыстар үнемі мінсіз өтеді», – дейді Танашева.

Айта кетейік, Гаухар Танашеваның өкілеттігі 2024 жылдың 23 желтоқсанында Халық партиясы бюросының шешімі негізінде тоқтатылған.

Танашева еліміздегі көптеген мәселенің түп-тамырында жоқшылық жатыр деп мәлімдеген.

«Бізде қаншама аналар бала-шағасын жетектеп не үй ала алмай, не бала еміне ақша таппай жүр. Жеріміз, еліміз бай деп мақтанғанда сондаймыз. Онда әлгі мәселелер қайдан шықты? Атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай, мардымсыз айлық пен жәрдемақыны жеткізе алмай, несиеге батқан халқымыз не істейді?», — дейді ол.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button