ДенсаулықЖаңалықтар

Тұмау белгісі бар оқушылар мен мұғалімдер сабаққа жіберілмейді – бас санитарлық дәрігер

Астанада жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) санының күрт көбеюіне байланысты қаланың бас санитарлық дәрігері жаңа қаулы қабылдады. Енді білім беру ұйымдарында фильтр-кабинеттер жұмыс істеп, тұмау белгілері бар оқушылар мен педагогтар сабаққа кіргізілмейді, деп хабарлайды qandastar.kz сайты NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өткен аптада елордада 13 мыңнан астам ЖРВИ дерегі тіркелген. Оның 58 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар (7 824 жағдай). Мектеп жасындағы оқушылар жалпы науқастардың ширегін құрайды.

Эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты бас санитарлық дәрігер төмендегі шектеулерді енгізді:

  • Медицина ұйымдарында маска режимі қайта күшіне енді;
  • Поликлиникаларда келушілердің ғимаратта болу уақыты шектеледі;
  • Бастапқы медициналық-санитариялық көмек ғимараттарында фильтр-кабинеттер жұмыс істейді;
  • ЖРВИ, тұмау және асқыну белгілері бар жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балалар алғашқы кезекте қабылданады;

Медициналық ұйымдардың жұмыс тәртібі ұзартылды:
– жұмыс күндері сағат 08:00-20:00;
– демалыс және мереке күндері сағат 08:00-18:00.

Білім басқармасына да бірқатар міндет жүктелді:

  • Бір сыныпта оқушылардың 30%-дан астамы ауырып қалған жағдайда, сынып қашықтан оқытуға көшіріледі;
  • Егер бір сыныпта 20-30% оқушы ауырса, инкубациялық кезең ішінде кабинет жүйесі тоқтатылып, он күн бойы жаңа балаларды қабылдауға тыйым салынады;
  • Барлық мектептер мен балабақшаларда әр ауысым алдында «таңертеңгі фильтр» жүргізіліп, ауру белгілері бар балалар мен педагогтар сабаққа жіберілмейді;
  • Мектептерде мәдени, спорттық және өзге де жаппай іс-шараларды шектеу тапсырылды.

Қаулы қаладағы эпидемиялық жағдай тұрақталғанға дейін күшінде болады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button