Алматы қаласының тау бөктерінде 74 жер учаскесі тексерілуде. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы хабарлады.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында тау массивтерін бөлу фактілері анықталғанын айтқан болатын.
Осыған байланысты Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті 74 учаскенің 30-ы бойынша сотқа талап-арыз түсірген.
Ал қалған 44 учаске бұрынғы Алматы облысының аумағында орналасқандықтан, олар бойынша тексеруді Алматы облысының Жер ресурстарын басқару департаменті жүргізуде.
Бақытжан Базарбек даулы жерлердің артында қарапайым адамдар емес, белгілі тұлғалар – оның ішінде Болат Назарбаев, Forbes тізіміндегі кәсiпкерлер және бұрын жоғары лауазымды қызмет атқарған шенеуніктер болуы мүмкін екенін атап өтті.
«Мен үшін жерді кімнің иеленгені маңызды емес. Бірақ бенефициардың әлеуметтік немесе қызметтік дәрежесі неғұрлым жоғары болса, бұл жерді тексеруге деген мотивациям соғұрлым артады. Заңның алдында барлығы бірдей!», — деді депутат.
Депутат тексерулердің соңына дейін жеткізіліп, заңсыз бөлінген жерлердің міндетті түрде мемлекет меншігіне қайтарылатынын айтты.



