Белгілі қазақстандық бизнесмен, BI Group негізін қалаушылардың бірі Айдын Рахымбаев қандай кофені сүйіп ішетінін айтты, деп жазады Qandastar.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, кофе тек дәмімен емес, ағзада қанша уақыт сақталатынымен бағалану керек.
«Көпшіліктің сүйікті капучино мен эспрессосының ағзадан толық шығуына 24 сағатқа дейін уақыт қажет. Бір-ақ кесе ішсең де ұйқы қашады. Таңертең қайта сергу үшін жаңа доза керек. Осылайша, кофеиннің шексіз шеңберіне түсесің», — деді ол facebook парақшасында.
Бизнесменнің айтуынша, қара шай да кофеин тұрғысынан жеңіл емес, ондағы мөлшер де едәуір. Ал ең «жұмсақ» әсер ететіні — американо. Ол шамамен 12 сағатта шығады. Сондықтан Рахымбаев өзіне арнайы формула жасағанын айтты.
«Жарты американо және тек таңғы 9-ға дейін. «Кешке дейін кофеин толық шығып үлгереді, ал ми толыққанды қалпына келеді. Нәтижесін көрдім, жақсы әсер береді», — деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, Гарвард және Калифорния университеттерінің зерттеулері тұрақты 7-8 сағаттық ұйқының пайдалы екенін дәлелдейді.
Рахымбаев бұл ақпаратты өз компаниясындағы 7000 қызметкерге де арнайы кесте түрінде жолдап, денсаулықты жақсартудың кішігірім қадамы деп есептейтінін айтты.



