Жаңалықтар

Арыстағы колледж студенттері жоғары курстағылардың қысымына шағымданды

Арыстағы №17 колледжде студенттер арасында жаппай төбелес шықты. Бір оқушы жарақат алғаны хабарланды, деп жазады Qandastar.kz ақпарат порталы  Otyrar сайтына сілтеме жасап.

Бірінші курс студенттері төбелестің себебі ұзақ уақыт бойғы буллинг деп отыр. Олардың айтуынша, жоғары курс студенттері жүйелі түрде ұрып-соғып, ақша талап еткен.

Бірінші курс студенті Санжар Есімбек жоғары курс студенттерінің қысымы қыркүйектен бастап болғанын айтты. Олар стипендия алғаннан кейін 2–3 мың теңге беруді талап еткен, бермегендерді ұрған. Басқа бірінші курс студенттері де бұл мәлімдемені растайды. Олар бірнеше рет полиция мен колледж әкімшілігіне шағымданғанымен, нәтиже болмағанын айтады.

— Біз көмек сұрадық, бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Сол себепті өзіміз жауап беруге мәжбүр болдық. Олар үш болса, біз – он бес адаммыз, — дейді студент Дінмұхаммед Абдулхамит.

Ал колледж әкімшілігі жүйелі буллинг туралы бұрын хабарланбағанын айтты. Вице-директор Бауыржан Орынбай төбелестен кейін ғана жағдайдан хабардар болғанын және қазір тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Тәрбиелік жұмыс жөніндегі вице-директор Шынар Асанова төбелесте көрші мектептер мен гуманитарлық колледж студенттерінің де қатысы болуы мүмкін екенін атап өтті.

Полиция «Аса жеңіл денсаулыққа зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғады. Барлық қатысушылар ата-аналарымен бірге полиция бөлімшесіне жеткізілді, бірақ екі тарап та тергеуге қажетті рәсімдерден бас тартты.

Түркістан облысы полиция департаментінің басшы орынбасары Бауыржан Зиятов іс аясында студенттердің барлық шағымдары тексеріліп жатқанын, жағдай кәмелетке толмағандар істері бойынша комиссияда қаралғанын хабарлады. Қатысушылармен профилактикалық әңгімелер өткізілді, ал ата-аналарды жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылмақ.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button