Қазақстан 2021 жылы өлім жазасын толық жойған мемлекеттердің қатарына қосылды. Бұған дейін 2004 жылдан бері мораторий күшінде болды. Қазір елімізде ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру. Дегенмен, қоғамда резонанс тудырған аса қатыгез қылмыстардан кейін өлім жазасын қайтару жөнінде пікірлер жиілеп тұрады, деп жазады Qandastar.kz ақпарат агенттігі factcheck.kz сайтына сілтеме жасап.
Сарапшылардың айтуынша, бұл мәселе эмоция мен ауыр қайғы кезінде туындайтын табиғи реакция, бірақ ғылыми және халықаралық тәжірибе басқа жайттарды көрсетеді.
Өлім жазасы қылмысты азайта ма?
Көптеген зерттеу өлім жазасының қылмысты азайтатынын дәлелдейтін нақты дерек жоқ екенін көрсетеді. Мысалы, АҚШ-та өлім жазасы бар және жоқ штаттарда кісі өлтіру деңгейі шамамен бірдей.
Сарапшылардың айтуынша, қылмыскерді қорқыту емес, ұсталу ықтималдығының жоғары болуы қылмыстың алдын алады.
Криминологтар ауыр қылмыстар көбіне эмоциямен жасалатынын, мұндай сәтте адам жаза туралы ойланып үлгермейтінін айтады.
Қатігездікке жол ашуы мүмкін
Құқық қорғаушылардың пікірінше, мемлекет адам өлтірсе, бұл қоғамдағы зорлыққа деген төзімділікті күшейтеді. АҚШ-та жүргізілген кейбір зерттеуде өлім жазасы орындалған аймақтарда кісі өлтіру саны уақытша өскені байқалған.
Құрбандарға жеңілдік әкеле ме?
Зерттеулер көрсеткендей, жақынынан айырылғандардың басым бөлігі өлім жазасы оларға ойлағандай жеңілдік әкелмейтінін айтқан. Керісінше, ұзаққа созылатын соттар мен апелляциялар оларды жылдар бойы қайта-қайта жаралайды.
Қателік құны – адам өмірі
Өлім жазасына қарсы ең маңызды дәлелдердің бірі – сот қателігі. АҚШ-та 1973 жылдан бері өлім жазасына кесілген 200-ден астам адам кейін кінәсіз деп танылған. Қазақстан да сот жүйесінде қателік болуы мүмкін елдердің қатарында, сондықтан жазаның бұл түрі аса қауіпті.
Қазақстан неліктен тыйым салды?
Қазақстан өлім жазасын жою арқылы:
-
халықаралық адам құқықтары стандарттарын қабылдады,
-
сот қателігіне жол бермеу қаупін азайтты,
-
қоғамдағы зорлыққа төзімділікті төмендетуді көздеді.



