Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«1 гектардан артық егілсе, бір тамшы су берілмейді»: Бектенов шаруаларға ескерту жасады

Бүгін үкімет отырысында еліміздің оңтүстік аймақтарын сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Үкімет басшысының айтуынша, су тапшылығы жағдайында сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін кешенді шаралар қабылдау қажет.

Осы мақсатта егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға баса назар аударылмақ.

Премьер-министр басты міндет суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу екенін айтты.

«Су ресурстары министрлігі бекітілген лимиттерден тыс су беру жағдайларының алдын алсын. Бұл өзекті мәселе, мен қайталап айтамын. Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінде тиісті кесте бекітті, алдағы уақытта барлық жұмыс осы кестеге сәйкес жүргізілуі тиіс. Мысалы, егер бір шаруашылықта 100 гектар болу керек десек, ертең 1 гектардан артық егілсе, біз оған бір тамшы су бермейміз.

Егер ертең Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен көрсеткіштерді бұзып, диқандар шығынға ұшыраса, бір тиыны да бюджеттен өтелмейді. Мұны халыққа ашық жеткізу керек», — деді Бектенов.

Аталған мәселені премьер-министр тікелей бақылауына алды.

Су ресурстары және ирригация министрлігіне, шекара маңындағы өңірлердің әкімдіктеріне қажетті су көлемінің дер кезінде келуін қамтамасыз ету үшін көршілес мемлекеттермен тығыз жұмыс жүргізу тапсырылды.

Ал премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев еліміздің оңтүстік өңірлерінде су тапшы кезеңнің жалғасып жатқан баяндады.

Айтуынша, Шардара су қоймасына су келуі 43%-ға, Нарын – Сырдария каскадындағы су көлемі 3,8 млрд м3 төмендеген.

2026 жылғы вегетациялық кезеңге болжамды су келуі 1-2 млрд м3 деп бағаланып отыр, бұл 1 млрд м3 дейін тапшылық қаупін тудырады.

Жамбыл облысында су қоймалары тек 41%-ға толды.

2025 жылы ылғалсүйгіш дақылдарды қысқарту жөніндегі жоспарлы көрсеткіштер орындалмады: күріш пен мақта дақылдары жоспарлы көрсеткіштерден асып түсті.

Сонымен қатар су үнемдеу технологиялары қолданылатын жер көлемі 543,5 мың гектарға жетті, жыл сайынғы өсім шамамен 150 мың гектарды құрайды.

2026-2028 жылдарға арналған бюджетте суды үнемдеуді қолдауға 228,1 млрд теңге қарастырылған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button