Желі қолданушысы «Қазақстан барысы» атағын алған палуан Бейбіт Ыстыбаев қала ішінде терезесін тұмшалап, заңға қайшы тонировкамен жүретінін сынға алды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы хабарлайды.
“Мемлекеттік нөмірі 707OPG07 автокөлігін тексеру керек. Полиция органдары танымал адамдарға қатысты шара қолдануда селқостық танытады”, — деп жазды facebook әлеуметтік желісінде Ақерке Рахымберді есімді қолданушы.
Желіде тараған шағымға байланысты Жамбыл облысының Полиция департаменті ресми түсініктеме берді.
«Аталған автокөлікке қатысты тексеру шаралары жүргізілетінін хабарлаймыз. Егер құқық бұзушылық анықталған жағдайда заң талаптарына сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылданатын болады. Барлық азаматтар заң алдында тең. Жол қозғалысы ережелерін сақтау – әрбір жүргізушінің міндеті», – деп мәлімдеді департамент.
Желі қолданушылары «Полицияға тиынын берсе, тонировкамен жүргізеді. Ақшасы жоқ, кобальт, приораларды тоқтатып естерін шығаратындар неге Ыстыбаевқа келгенде үндемейді?», «Ұят кеткен заман ғой сақшыдан, барыстан да», «Тонировка фигня, номерсыз жүрген чемпиктерді де көрдік» деген пікір қалдырған.



