Шымкент қаласында автокөлік сатып алуға көмектесемін деп бірнеше тұрғынды алдап, ақша алған әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды qandastar.kz сайты nur.kz-ке сілтеме жасап.
Қалалық соттың мәліметінше, И. есімді азаматша 2023-2025 жылдары тоғыз адамнан ірі көлемде қаражат алып, уәдесінде тұрмаған.
Тергеу материалдарына сәйкес, ол жәбірленушілерге «дәлелденген арзан арналар арқылы» көлік әкеліп беремін деп айтып, азаматтардың сеніміне кірген. Алайда, алған қаражатты қайтарылмай, ақыр соңында қала тұрғындары көліксіз әрі ақшасыз қалған.
Сот айыпталушының кінәсін мойындағанын және оның үш кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескерді. Сонымен бірге, қылмыстың бірнеше рет қайталануы және келтірілген шығынның өтелмеуі жағдайды ауырлататын мән-жай ретінде бағаланған.
Нәтижесінде сот И.-ні 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Бірақ ҚР ҚК 74-бабы негізінде жаза 1 жылға кейінге қалдырылды.
Оқиға жалғыз емес. Бұған дейін Алматы, Астана және Шымкент тұрғындары Қытайдан автокөлік әкелемін деп уәде берген жеке тұлғаның құрбаны болғаны хабарланған. Сол жағдайда да көліктер жалға алу-сатып алу схемасымен рәсімделгенімен, кейін техниканың банкке кепілде тұрғаны анықталған.



