Бас прокуратураның қызметкерлері кәсіпкерді өлтірді деген күдікпен Қазақстан азаматын Ресейден экстрадициялады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ведомство мәліметінше, осы жылдың 21 ақпанында кәсіпкер жұмысқа кетіп, кейін байланысқа шығуын тоқтатқан.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сол күні кәсіпкердің Павлодарда күдіктімен оның тұрғын үйінің ауласында кездескені анықталды.
«Қаржылық келіспеушіліктерге байланысты олардың арасында жанжал туындап, қаскүнем жәбірленушінің кеудесі мен бетіне 22 рет пышақ сұққан. Жәбірленуші сол жерде алған жарақаттарынан көз жұмған», — делінген мәлімдемеде.
Қылмыстың ізін жасыру мақсатында күдікті марқұмның денесі мен көлігін гаражына жасырып, кейін шетелге қашып кеткен.
Наурыз айында ол Ресей аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Оған айып тағылған қылмыс бойынша 8 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.



