Қазақстанның медиа кеңістігінде бірнеше сот процесінің қызу талқылануына байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі аталған жағдайларға, соның ішінде Orda.kz пен ҚазТАГ агенттігіне қатысты істерге ерекше назар аударып отырғанын хабарлады. Бұл туралы Qandastar.kz жазды.
Министр Аида Балаеваның айтуынша, еліміздегі сөз бостандығының сақталуы және ақпарат таратушы барлық субъектілердің заң шеңберінде жұмыс істеуі мемлекет үшін аса маңызды.
«Кәсіби журналистика адалдыққа, объективтілікке және тексерілген ақпараттың нақтылығына негізделуі керек. Мұндай жағдайлар медиақауымдастықты әрдайым алаңдататыны түсінікті, себебі олар сөз бостандығы мен заңды журналистік қызмет мәселелерімен тікелей байланысты», – деді Аида Балаева facebook парақшасында.
Ол сондай-ақ мемлекет кәсіби бұқаралық ақпарат құралдарын олардың тарапынан заң бұзушылық болмаған жағдайда ғана тиімді қорғай алатынын атап өтті. Ал нақты даулы мәселелер сотқа өткен кезде мемлекеттік органның араласуы қысым ретінде қабылдануы мүмкін екенін еске салды.
«Қалай болғанда да, біз кәсіби журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің барынша ашық әрі объективті қаралуы қажет екенін әрдайым талап етіп келеміз. Журналистерімізге қатысты істерді тиісті органдар заң талаптарын сақтай отырып, жан-жақты әрі әділ қарайтынына сенімдімін», – деді министр.
Министрлік өз құзыреті аясында журналистердің құқықтарын қамтамасыз етуге және сот істерінің әділ қаралуы үшін қажетті барлық шараларды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.



