«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Мойынты-Шығанақ учаскесінде болған қайғылы оқиға туралы хабарлады, деп жазады qandastar.kz порталы.
10 желтоқсанда сағат 17:15-те Мойынты-Шығанақ учаскесіндегі Шешенқара-Қаражанғыл аралығында жүк пойызының машинисі шұғыл тежеу қолданған.
Теміржол төсемі аймағында Сарышаған станциясының жол бригадасы рельсті ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстарды орындап жатқан.
«Барлық қажетті шараларға қарамастан, жазатайым оқиғаның алдын алу мүмкін болмады. Төрт жұмысшы жарақаттан көз жұмды», — делінген мәлімдемеде.
Апаттың барлық мән-жайы мен себебін анықтау үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының тапсырмасы бойынша «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС және Магистральдық желі дирекциясы басшыларының құрамында «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері бастаған арнайы комиссия құрылды.
Комиссия тексеріс жүргізу үшін оқиға орнына жедел аттанды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қолдау көрсетілетінін хабарлады.



