Жаңалықтар

СҚО-да әйелін ұрып өлтірген ер адам тағы да зорлық әрекетімен күдікке ілінді

Солтүстік Қазақстан облысында 5 жыл бұрын өз әйелін ұрып өлтіріп, сотты болған ер адам тағы да зорлық көрсету бойынша күдікке ілінді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Бес жыл бұрынғы бұл қанды оқиға қоғамдық резонанс тудырған болатын. Есіл ауданының бір ауылында түрлі жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы болған ер адам 29 жастағы әйелін өз үйінде, қарт анасымен және кәмелетке толмаған екі баласының көзінше аяусыз ұрып өлтірген.

Сот үкімінде: «2020 жылдың 14 қаңтарында, таңғы шамамен 05:30-да айыпталушы жұбайымен жанжал кезінде оған қасақана бірнеше соққы жасаған. Әйелін шашынан сүйреп, тепкен. Салдарынан әйел құлап, басын қабырғаға соғып алған. Алынған жарақаттардың салдарынан ол оқиға орнында көз жұмды», – делінген.

Марқұмның анасы қызының 19 жасынан бастап күйеуінен жәбір көргенін, ажырасуға талпынған сайын күйеуі оны қорқытып, қайта үйге қайтарып отырғанын айтқан. Әйел бірнеше рет ауруханаға түсіп, қабырғалары сынған кездері де болған. Қанды түнде күйеуі оның аузы-мұрнынан қан кеткенше ұрған.

Сот оның әрекетін ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі («Ауыр дене жарақатын қасақана келтіру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан») бойынша саралап, орташа қауіпсіздік колониясында 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар сот жәбірленушінің анасына 3 миллион теңге моральдық өтемақыны толық өндіріп берді.

Алайда, сот ер адамның бұған дейін 380-бап («Билік өкіліне күш қолдану») бойынша сотталғанын ескерусіз қалдырды. 2019 жылы ол 1 жыл 6 айға шектелген еркіндікке сотталғанмен, сол жылдың тамызында шартты түрде босатылған.

Бес жыл өткен соң бұл ер адам тағы да әйелді соққыға жықты деген күдікпен тергеуге алынды. «НеМолчи.kz» қоғамдық қорының жазбасында ауыл тұрғыны қорқынышпен көмек сұрағаны айтылады. Оның айтуынша, бұрын әйелін өлтірген адам бостандыққа шығып, енді өзіне қоқан-лоқы көрсетіп жүр.

Явленка ауылында бір әйелге бірдеңе болса, оның жауапкершілігін әйелін өлтіріп, небары 6 жыл алған және екі жылдан соң босап шыққан ер адамға үкім шығарған судьялар, сондай-ақ, оны тек ұсақ бұзақылық бойынша жауапқа тартқан полицейлер мен прокурорлар көтеруі тиіс, – делінген қордың жариялауында.

Қор өкілдерінің айтуынша, өз өмірі үшін қорыққан әйел кейінірек бұл постты өшіруді сұраған.

Облыстық ПД баспасөз қызметі оқиғаны растады.

Есіл ауданының 33 жастағы тұрғыны өзінің танысы 39 жастағы ер адамның оған тіл тигізіп, күш қолданғанын хабарлады. Оқиға 9 желтоқсанда Явленка ауылындағы дүкендердің бірінде болған, – делінген полицияның ақпаратында.

Айыпталушы анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. Қазір оның іс-әрекетіне құқықтық баға беру үшін тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс ҚК 109-бабы («Ұрып-соғу») бойынша қозғалды.

Полиция жағдайды бақылауда ұстап отырғандарын және жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдағанын хабарлады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button