2023 жылы қоғамда үлкен резонанс тудырған «Айка тізімі» ісіне қатысты жаңа деректер белгілі болды. Басылым тілшілерінің ресми сауалына жауап берген Ішкі істер министрлігі аталған құжаттың таралуына байланысты жүргізілген тергеудің нәтижесін жариялады, деп жазады qandastar.kz порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Еске салсақ, 2023 жылдың желтоқсан айында желіде «Айка тізімі» деп аталған құжат тараған еді. Онда блогер Айка М.-ның элиталық эскорт қызметіне қатысы бар делінген азаматтардың жеке деректері көрсетілгені айтылды. Құжатта танымал өнер адамдары мен кәсіпкерлердің аты-жөндері, байланыс нөмірлері, мекенжайлары мен қызметтері болғаны қоғамда қызу талқыға түсті.
Бұл тізім блогер Айканың 2023 жылғы маусымда ұсталуынан кейін тарай бастаған. Ал 2024 жылдың мамыр айында ол аса ірі көлемде психотроптық зат сақтағаны және жеңгетайлық жасағаны үшін 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған болатын.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов 2024 жылдың наурыз айында «Айка тізімі» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген еді. Тергеу барысында іс материалдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке берілген.
ҚР ІІМ мәліметінше, құжаттың таралуы бойынша жүргізілген сотқа дейінгі тергеу Астана қаласының Антикор қызметі тарапынан жүзеге асырылған. Тергеу барысында көліктегі полиция департаментінің кейбір қызметкерлерінің аты аталғанымен, олардың әрекетінен қылмыс құрамы анықталмаған.
Антикор жүргізген тексеріс нәтижесінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекетінен заң бұзушылық анықталған жоқ, – делінген министрліктің жауабында.
Сондай-ақ ІІМ «Айка тізімінде» аты аталған азаматтарға қатысты да жауапкершілік көзделмейтінін мәлімдеді. Министрлік олардың әрекетінен қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері табылмағанын атап өтті.
2025 жылдың қарашасында белгілі болғандай, сот Айкаға қатысты үкімнің орындалуын екі жылға кейінге шегерген. Осы уақыт ішінде ол пробациялық бақылауда болады. Бұған сотталғанның кәмелетке толмаған баласының болуы себеп болған.
Айка бұған дейін өзін блогер ретінде танытып, әлеуметтік желілерде сән-салтанатты өмір салтын көрсетумен танылған. Тергеу деректеріне сәйкес, ол Алматыда элиталық эскорт желісін ұйымдастырып, модельдік келбеті бар қыздарды ауқатты клиенттермен байланыстырып отырған.



