Алматының Төле би көшесінде орналасқан «Шашлыкофф» мейрамханасында бес жігіт 110 мың теңгеге тамақтанып, ақшасын төлемей кетіп қалған. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram-дағы abdulla_kz_kz парақшасына сілтеме жасап хабарлады.
Жазбада айтылғандай, официант қыз бірнеше рет есепті жапуды сұрағанымен, жігіттер «біреуді күтіп отырмыз» деп алдап, төлемді кейінге қалдырған.
Куәгерлердің сөзінше, олар мейрамхана күзетшісіне пышақ көрсетіп, қорқытқан. Алайда көпшілікті алаңдатқан басты мәселе — мейрамхана басшылығының 110 мың теңге қарызды официант қыздың мойнына іліп қойғаны.
– Егер күзетші де, әкімшілік те, полиция да бұл жігіттерге ештеңе істей алмаса, онда жауапкершілікті неге официант қыз көтеру керек? Ол күні-түні 10-15 мың теңгеге жұмыс істейді. Енді жаңа жыл алдында 10 күн тегін жұмыс істеуі керек пе?, – делінген парақшада.
Айтуынша, оқиға болған түнде полиция шақырылып, әкімшілік арыз жазғанымен, іс кейін жабылып қалған. Жігіттер табылмаған, жауапкершілікке тартылмаған.
Қазір оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Мейрамхана және полиция тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.



