Журналист Бибігүл Дәулетбекқызы ұзақ жылдар бойы Сыртқы істер министрлігінде қызмет еткен Айбек Смадияровтың еңбегін бөлісті. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады.
«2020 жылдың күзінде, пандемия кезінде Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп кеткен қазақстандық Бейбарысжан жол апатынан қаза тапты. Әкесінен ерте айырылған, шешесінің қарызға батқанын көрген бала жат жерге кеткен еді. Бейбарысжанның денесін елге жеткізу қиындық тудырғанымен, Сыртқы істер министрлігіндегі Айбек Смадияров өз еркімен мәселеге араласып, арнайы шаралар ұйымдастырды. Қызметтік ұшақ дәрі-дәрмекке толы болса да денені арнайы тоңазытқышқа орналастырып жеткізу мүмкін болды», — деді ол facebook парақшасында.
Журналист бұл оқиғаны ерекше естелік ретінде сипаттап, Айбек Смадияровтың адамгершілігі мен батылдығына ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі, соңғы жылдары ел дипломатиясының медиа кеңістігіндегі басты бейнесіне айналған Айбек Смадияров жақында лауазымын босатты. Ол мемлекеттік қызметтен кетіп, мансабын мүлде басқа салада жалғастырмақ.



