Танымал әнші Индира Елемес журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында қоғамда қызу талқыға түскен жеке өмірі мен марқұм композитор Арман Дүйсеновке байланысты қаржылық дау жөнінде ашық пікір білдірді. Өнер иесі өзіне тағылған «екінші әйел» деген айыптауларды жоққа шығарып, жұбайына қатысты айтылған сындарға жауап берді, деп жазады qandastar.kz.
Әншінің айтуынша, болашақ жолдасымен ол салтанатты шаралардың бірінде танысқан. Көпшілік арасында тараған әңгімелерге қарамастан, Индира Елемес оның екінші жары болмағанын нақты айтты. Танысқан сәтте ер адам заңды некеде тұрмаған, яғни бойдақ болған.
«Қазір көп адам мені біреудің шаңырағын шайқады немесе екінші әйел болды деп айыптайды. Бұл – шындыққа жанаспайды. Біз кездескен кезде ол кісі ешкіммен некеде болған жоқ. Арамызда шамамен 19-20 жас айырмашылық бар. Ол уақытта жолдасым өте келбетті, сымбатты азамат еді», – деді әнші шынайы сұхбатында.
Сұхбатта марқұм сазгер Арман Дүйсенов пен Индираның жұбайы арасындағы қомақты қаржыға қатысты дау да сөз болды. Әншінің айтуынша, ол екі жақтың арасындағы ақшалай келісімдерден мүлде хабарсыз болған.
Бұл жағдай туралы ол алғаш рет маусым айында Арман Дүйсеновтің жесірі Айсұлу ханымнан естіген. Дегенмен, әншінің айтуынша, мәселенің басқа қыры да бар.
«Олардың арасында қандай да бір қаржылық қатынас болғанын білмедім. 67 миллион теңге туралы сөз шыққанда жолдасымнан сұрадым. Ол бұл мәліметті жоққа шығарып, керісінше, «олардың маған қарызы бар» деді», – деп түсіндірді Индира Елемес.
Айта кетейік, бұған дейін Арман Дүйсеновтің жұбайы марқұм күйеуінің атына ірі көлемде несие алынғанын айтып, көпшілікке үндеу жолдаған болатын.



