Егемендік алғалы ел халқы 20 милионнан асты. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы 24.kz телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бір кездері елден өзге ұлт өкілдері жаппай қоныс аударса, қазір шетелден келіп жатқандар көбейді. Тәуелсіздіктің басты жемісі сырттағы ағайын елге оралды. Экономикалық жетістік, тұрақтылықтың арқасында туту көрсеткіші де жоғарылады.
Үкімет алда осы жайттарды жедел әрі нақты жүргізу үшін Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құрмақ. Өткенге көз жүгіртсек, 1991 жылы елде 16 млн 400 мың адам тұрды. 2000 жылдары миграциялық ағын салдарынан халық саны 14 млн-ға дейін қысқарды. Кейінгі 5 жылда көрсеткіш оңалып, 20 млн-нан асты.
— Халық санының көбеюіне көп әсер ететіні табиғи өсім, яғни туғандар санының қайтыс болғандар санынан алып тастағандағы мәні. Бізде табиғи өсім оң мәнде. Көші-қон сальдосы соңғы 3 жылда оң мәнде. Халық санының екі компоненті де бізде оң нәтижеде, — дейді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының бас сарапшысы Қайыр Рысбаев.
Қазақстандықтардың жартысынан көбі оңтүстік өңірлерде тұрады. Мұнда бала туу көрсеткіші де жоғары. Десе де, нәсібін ауылдан емес, ірі қалалардан, тіпті шет мемлекеттерден іздейтін жас көп.
Сарапшылар урбанизация мен эмиграция елдегі демографиялық динамикаға әсер етіп жатқанын айтады. Жұмысбасты жастар сәбилі болуға асықпайды. Осыдан 4 жыл бұрын елде 446 мың нәресте туса, биылғы 9 айда 250 мыңға жуықтады.
Жаңа туған сәби саны: 2021 – 446 мың 2022 – 404 мың 2023 – 388 мың 2024 – 366 мың 2025 – 249 мың
— ҚР туу деңгейі 2020 жылы 426 726 адам болды. Ал 2024 жылы 365 923 адамды құрады. Бұл да жоғары деңгей. Ковидқа дейінгі деңгеймен шамалас болып келеді. Президенттің өзі елдегі демографиялық зерттеулер үрдісін сынға алды, — дейді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының бас сарапшысы Қайыр Рысбаев.
Статистикалық деректер бір-бірімен қабыса бермейді. Бұл өз кезегінде кешенді ізденіске қолбайлау болып отыр. Мемлекет басшысы Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құруды тапсырды. Ол ішкі көші-қон көрсеткішін тұрақты бағамдап, еңбек нарығындағы өзгерісті қадағалауға, сондай-ақ урбанизация деңгейін сараптауға мүмкіндік береді.Бұл халықтың әлеуетін арттыруға қажет жобаларды әзірлеп, жүзеге асыруға жол ашады дейді мамандар.



