Алматы қаласында Tinder танысу қосымшасы арқылы әйелдермен байланыс орнатып, ірі көлемде ақша алдап алған 43 жастағы Азиз Умаровқа қатысты сот үкімі шығарылды, деп жазады qandastar.kz сайты Kozachkov Offside Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Сотта анықталғандай, ер адам Tinder арқылы танысқан қыздармен кездесіп, өзін құрылыс саласында табысты жұмыс істейтін, соның ішінде кондиционер орнатумен айналысатын кәсіпкер ретінде таныстырған. Әңгіме барысында өзін қоғамда сыйлы, кең байланыстары бар адам ретінде көрсеткен.
Біртіндеп Умаров «қызметтерін» ұсына бастаған. Атап айтқанда, жүргізуші куәлігін 250 мың теңгеге жасап беруге немесе қымбат техниканы нарықтағы бағадан әлдеқайда арзанға әкеліп беруге уәде еткен. Жаңа iPhone смартфондарын ол небәрі 300–350 мың теңгеден ұсынып отырған.
Алғашқы жәбірленуші ұлы екеуімен бірге келісім жасауға келіп, «Сулпак» дүкенінің автотұрағында бірнеше смартфон үшін Умаровқа 900 мың теңге табыстаған. Алаяқ техниканы алып келу үшін кіріп шығатынын айтып, сол күйі ғайып болған. Кейін оның ұялы телефоны өшірулі тұрғаны анықталған.
Осыған ұқсас жағдай екінші жәбірленушімен де қайталанған. Ол әрқайсысы 350 мың теңгеден бірнеше «Айфон» сатып алу үшін Умаровқа 2 миллион 450 мың теңге берген. Сонымен қатар, алаяқ бұрын Tinder арқылы танысқан тағы бір әйелден 100 мың теңге алғаны белгілі болды.
Кейінірек Азиз Умаров ұсталып, сотта кінәсін толық мойындады. Тергеу барысында оның 2011 жылы кісі өлтіру және ұрлық қылмыстары үшін 14 жылға сотталғаны анықталды. Алайда ол жазасының 10 жылын өтеп, шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.
Сот Умаровты алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны бес жыл мерзімге қатаң режимдегі колонияға қамау туралы үкім шығарды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.



