Президенттің шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде соңғы жылдары ШОБ-тың ел экономикасына қосқан үлесі тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бүгінде әрбір бесінші қазақстандық кәсіпкерлік саласында еңбек етеді. Шағын және орта бизнестің экономикадағы жалпы қосылған құндағы үлесі 39,8%-ға жетіп, 40%-ға жақындады.
Орта бизнестің үлесі артып келеді
2025 жылғы II тоқсанның қорытындысы бойынша ЖІӨ-дегі орта бизнестің жалпы қосылған құнының үлесі 7,9%-ды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш және орта бизнес секторының нығайып, экономикалық құндылық қалыптастырудағы рөлінің артқанын көрсетеді.
2022–2024 жылдар аралығында орта бизнестің жалпы қосылған құны 6,7–6,9% деңгейінде тұрақты сақталды, ал кәсіпорындар саны 3 мыңнан астам болды. Бұл орта буынның орныққан әрі жетілген сегментке айналғанын аңғартады.
ШОБ – жұмыспен қамтудың негізгі тірегі
Қазіргі таңда еліміздегі барлық кәсіпкерлік субъектілерінің 99,9%-ын микро және шағын бизнес құрайды. Бұл секторда 4,4 млн-нан астам адам жұмыс істейді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,9%-ға артық. Жалпы алғанда, ШОБ экономикалық белсенді халықтың 45,5%-ын жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа жүйесі қалыптасты
Үкімет Президент тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлікті қолдау шараларын жүйелі түрде кеңейтуде. Бүгінде кәсіпкерлерге арналған 117 құралдан тұратын қолдау тізілімі жасақталған. Вaqylauda.qoldau.kz платформасы мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізудің бірыңғай нүктесіне айналып, оны 222 мыңға жуық пайдаланушы қолданған.
2024 жылдан бастап елде бизнесті жүргізу үшін тең жағдай жасау, компанияларды ірілендіруді ынталандыру және орта бизнестің рөлін күшейтуге бағытталған кешенді саясат іске асырылуда. Осы аяда бизнестің барлық міндетті талаптары цифрландырылып, ашық әрі түсінікті «Міндетті талаптар тізілімі» енгізілді.
Реттеу мен салық саясаты жаңартылуда
Біліктілік талаптары қайта қаралып, рұқсат беру рәсімдері оңтайландырылуда. Сонымен қатар ірі кәсіпорындар ШОБ-пен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуға міндеттеліп, шағын бизнес үшін тұрақты өткізу нарықтарына жол ашылуда.
Жаңа Салық кодексінде арнайы салық режимдерінің саны 7-ден 3-ке дейін қысқартылды. Бұл бизнесті жасанды ұсақтауды шектеуге және кәсіпорындарды ауқымын кеңейтуге ынталандыруға бағытталған.
Қаржыландыру мен кепілдік құралдары кеңейтілді
2025 жылы іске қосылған «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы аясында 482 млрд теңгеге 1 700-ден астам жоба қолдау тапты. «Даму» қорының базасында кәсіпкерлердің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру мақсатында екі кепілдік қоры құрылды.
Бірінші кепілдік қоры портфельдік кепілдік беру арқылы 417,7 млрд теңгеге 2 384 жобаны қолдап, 229,9 млрд теңгеге кепілдік ұсынды. Екінші қор ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған.
Орта бизнес – экономикалық өсімнің драйвері
Ұлттық экономика министрлігі ЕҚДБ-мен бірлесіп, өндіріс көлемін 2–3 есеге арттыруға бағытталған орта бизнесті дамыту жоспарларын әзірлеуде. Қазірдің өзінде 20 кәсіпорынмен жұмыс басталған, ал 2030 жылға дейін бағдарламаға қатысушылар саны кемінде 70-ке жетпек.
Осылайша, қабылданып жатқан шаралар орта бизнестің өңірлік және ұлттық деңгейдегі экономикалық өсімнің негізгі драйверіне айналуына берік негіз қалап отыр.



