Журналист Гүлбану Әбенова мектептерде дзюдоны жаппай енгізу бастамасына қатысты алаңдаушылығын білдірді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы хабарлады.
Оның айтуынша, 217 мектепте дзюдо сабақтарын енгізу туралы шешім ғылыми негізсіз және балалардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
«Неге дзюдо? Неге шахмат емес, жеңіл атлетика немесе үстел теннисі емес? Үстел теннисі — ең қауіпсіз спорт түрлерінің бірі әрі Мемлекет басшысының өзі жақсы көретін спорт. Бұл шешім балалардың мүддесіне емес, белгілі бір тұлғалардың жеке тәжірибесі мен пиарға негізделгендей әсер қалдырады», — дейді Әбенова facebook парақшасында.
Оның сөзінше, дзюдо «бәріне бірдей» форматта мектеп бағдарламасына енгізуге жарамайды. Себебі жалпы білім беретін мектептер спорт мектептері емес, ал бір сыныпта денсаулық жағдайы әртүрлі балалар оқиды: бірінде сколиоз, бірінде буындардың шамадан тыс қозғалғыштығы бар, енді бірі мүлде дене шынықтырудан босатылған.
«Спорт секцияларында іріктеу, медициналық тексеру, дайындық деңгейіне қарай топтарға бөлу бар. Ал мектепте қалай болады? Барлығы тұрды да күреске кетті ме? Бұл — жарақатқа апаратын тура жол», — дейді журналист.
Сондай-ақ, ол білікті балалар жаттықтырушыларының жетіспеушілігін атап өтті. Әбенованың айтуынша, мектептерге көбіне кәсіби деңгейі төмен, тек сағат үшін келген мамандар барады, ал нағыз балалармен жұмыс істей алатын жаттықтырушылар өте аз.
Материалдық база мәселесі де назардан тыс қалған. Көптеген мектептерде спорт залдың өзі жоқ, татами түгілі.
«Жарыстарда да татами жалға алынады. Ал мектептерде жай матрас төсеп, “жарайды” дей салу бас, мойын, омыртқа және буын жарақаттарының үлкен қаупі», — дейді ол.
Журналист тағы бір маңызды сұрақты көтерді: егер балалар жарақат алса, жауапкершілікті кім көтереді? Мектеп директоры ма, министрлік пе, әлде нақты лауазымды тұлғалар ма? Оның айтуынша, бұл сұраққа әзірге нақты жауап жоқ.
Әбенованың пікірінше, мектептердегі дене шынықтыру сабағының мақсаты — чемпион дайындау емес, барлық баланың жалпы физикалық дамуын қамтамасыз ету. Ол үшін жалпы дене дайындығы, гимнастика, жеңіл атлетика, волейбол, баскетбол сияқты спорт түрлері әлдеқайда қауіпсіз әрі тиімді.
«Балалардың өз қалауы да ескерілмей отыр. Біреу дзюдоға барғысы келмейді. Балалар арасында сауалнама жүргізілді ме? Қандай спорт түрлері шынымен танымал? Бұл — ең негізгі мәселе», — дейді журналист.



