Шығыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Уахитов қызметінен босатылды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі Instagram желісіндегі hronika__kz парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол бұл лауазымға биылғы жылдың 1 шілдесінде тағайындалып, жарты жылға жетпей жұмысын тоқтатты.
Данияр Уахитов бұған дейін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-де, Белоусов кен-байыту комбинатының бастапқы кәсіподақ ұйымында, сондай-ақ тау-кен металлургия саласы қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ ұйымында еңбек еткен. Сонымен қатар ол Ұлан ауданына қарасты Таврия ауылдық округінің әкімі, Қарағанды облысындағы Нұра кентінің әкімі қызметтерін атқарған. Тағайындалғанға дейін Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген.
Оны басқарма ұжымына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жеке өзі таныстырып, мол тәжірибесі бар маман екенін атап өткен еді. Аймақ басшысының айтуынша, Данияр Уахитовтың жалпы еңбек өтілі 17 жылды, мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі 9 жылды құраған. Әкім оған жолаушылар тасымалының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, жолдарды уақтылы және сапалы жөндеу, жаңа жол магистральдарын салу секілді жауапты міндеттер жүктелгенін айтқан.
Алайда желтоқсан айының басында облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Данияр Уахитовтың қызметінен босатылғанын хабарлады. Оның орнына уақытша міндет атқарушы болып Нариман Алмасұлы тағайындалды. Облыс әкімдігі бұл шешім мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған жұмыстар аясында қабылданғанын мәлімдеді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Шнайдеров көпіріндегі апаттан кейін облыс әкімі тапсырмасымен көлік саласына құқық қорғау органдарының қатысуымен кешенді тексеру жүргізілген. Жедел-іздестіру шаралары барысында Данияр Уахитовтың заңға қайшы әрекеттері анықталғаны айтылды.
Сонымен бірге аталған жайтқа соңғы құқықтық бағаны уәкілетті органдар беретіні хабарланды. Ал әлеуметтік желілерде бұрынғы басқарма басшысы пара алды деген ақпарат тарағанымен, бұл мәліметтер ресми түрде расталған жоқ. Кей дереккөздерде 150 миллион теңге көлеміндегі сома аталғанымен, бұл тек қауесет екені көрсетілді.
Еске сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысындағы Шнайдер көпірі 1 қыркүйекте құлап қалған еді.
