Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, қоғамды іштен ірітіп жатқан қауіпті тенденцияны ашық айтты. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі sn.kz_media парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Депутаттың сөзінше, соңғы уақытта рушылдықты «бренд», «маркетинг», «шығармашылық» деген желеумен насихаттау шектен шығып барады. Футболка, шапан, әлеуметтік желідегі контент, енді тіпті киноға дейін руға бөліп, халықты жікке жаруға қызмет ете бастаған.
Депутатты әсіресе қазақ руларын салыстырып, кемсітетін фильмнің прокатқа шығуы алаңдатып отыр. Тіпті сол фильмді жарнамалау кезінде Қазақстан картасының үш жүзге бөлініп көрсетілуі — ұлттың ең сезімтал жеріне соққы деп бағаланды.
«Бұл – көрермен жинау үшін ұлтты айқайлатып, қауіпті тақырыпты хайпқа айналдыру. Мұның соңы жақсылыққа апармайды», – деді ол.



