ЖаңалықтарСпорт

Жәнібек Әлімханұлының В допинг-сынамасы қашан ашылатыны белгілі болды

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков кәсіпқой боксшыға қатысты допинг дауының жай-жапсарын айтты, деп хабарлайды qandastar.kz.

Айтуынша, Әлімханұлының В допинг-сынағын ашу процесі 2026 жылдың 8 қаңтарына жоспарланған.

«Халықаралық допингке қарсы рәсім аясында кәсіби боксшымыз Жәнібек Әлімханұлына жүргізілген допинг-бақылау нәтижелері бойынша В сынамасын ашудың күні мен уақыты ресми түрде белгіленді. Бұл кезең процестік ашықтықты қамтамасыз ету және спортшының құқықтарын сақтау тұрғысынан аса маңызды», — деп жазды ол.

Ерденбековтің мәліметінше, әлемдік тәжірибеде В сынамасын талдау А сынамасының бастапқы нәтижелерін растау немесе жоққа шығару қажеттілігі туындаған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

«Аталған рәсім тәуелсіз, аккредиттелген зертханада өткізіледі және барлық бекітілген хаттамалардың қатаң сақталуымен, оның ішінде спортшы өкілдері мен мүдделі тараптардың қатысу мүмкіндігі қамтамасыз етіле отырып жүргізіледі. Дәл осы тетік процестің объективтілігін қамтамасыз етіп, кез келген қателік немесе бұрмаланудың алдын алады», — деді ол.

Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы В үлгісінің ашылу күнін белгілеу бұзушылықты мойындау болып табылмайтынын және алдын ала қорытындылар жасамайтынын атап өтеді.

Айтуынша, Федерацияның ұстанымы өзгеріссіз және институционалдық сипатта, А және В сынамалары бойынша ресми қорытындылар алынғанға дейін кез келген мәлімдемелер, жорамалдар немесе бағалау сипатындағы пікірлер айтуға жол берілмейді.

«Адал спорт қағидаттары мен спортшылардың құқықтарын қорғау ақпараттық дүрбелеңге емес, тек расталған деректерге негізделуі тиіс», — дейді ол.

 

Ерденбеков барлық көзделген рәсімдер толық аяқталып, уәкілетті допингке қарсы органдардан ресми құжаттар алынғаннан кейін ғана жағдайға қатысты түпкілікті ақпарат пен құқықтық баға ұсынылатынын айтты.

«Өз кезегінде Қазақстанның Кәсіби бокс федерациясы VADA ұйымынан А сынамасы бойынша ресми және жан-жақты жауап күтуде», — деп мәлімдеді Ерденбеков.

Естеріңізге сала кетейік, орта салмақта WBO және IBF тұжырымдарының чемпионы Жәнібек Әлімханұлының қанынан допинг табылған болатын.

Боксшының өзі бұл жаңалықты естіп, таңғалғанын айтқан.

 

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button