Қазақстандық әнші Толқын Забирова туған күніне орай аңызға айналған опера бұлбұлы, актриса әрі ұстаз Бибігүл Төлегенованы 96 жас туған күнімен құттықтады, деп жазады qandastar.kz.
Кездесуден алынған әсерлі сәттер мен шынайы құттықтау сөздерін өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Толқын Забирова Бибігүл Ахметқызымен кездесуге балаларымен бірге барған.
«Қымбатты ұстазым, жан жүрегіме жақын екінші анам!
Бүгін біз балаларыммен бірге Сізге арнайы сәлем беріп, туған күніңізбен құттықтауға келдік.
(Ұлдарымның кіндік шешесі)
Қырқынан шығарып,шаштарын алған! Осы уақытқа дейін ақ батасын алып жүрген бақытты жандардың біріміз🤲
Бұл кездесу мен үшін жай ғана құттықтау емес, тағдырыма бағыт берген адамға тағзым ету сәті болды.
Балаларымның әрқайсысы Сіздей аңызға айналған тұлғаның батасын алып, жүректеріне жарық, жандарына күш жинады.
Ұрпақтың Сізбен жүздесуі — мен үшін үлкен мақтаныш әрі терең мағына.
Өмірде жолы болу — байлықта емес,
ұстаздан жолы болуда», — деді ол.
Желі қолданушылары Бибігүл Төлегеноваға арнап жүздеген құттықтау пікір қалдырып, сүйіспеншілік пен зор құрметін білдірді. Көпшілік кездесудің шынайылығын атап өтіп, қазақ мәдениетіндегі ұстаз тұлғасының айрықша маңызын ерекше атап өтті.



