Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Банк ақшасын ұрлап, шетелге қашқан қазақстандық елге қайтарылды

55 млн теңге көлемінде қаржы ұрлаған Қазақстан азаматы Швециядан экстрадицияланды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Бас прокуратура мен Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері мен Сыртқы істер министрлігінің бірлескен іс-әрекетінің арқасында күдікті ұсталды.

Анықталғандай, ол 2018 жылы екінші деңгейдегі банктердің бірінің мобильді қосымшасында орын алған жүйелік қателерді пайдаланып, банк картасының ағымдағы шотындағы теңгерімнен асатын сомаларға ойдан шығарылған аударымдар жасаған.

Салдарынан банкке 55 млн теңге көлемінде шығын келтірілген.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.

Осы жылы ол Швеция Корольдігінің аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша еліне экстрадицияланды.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Айта кетері, Швециямен экстрадициялау туралы келісім болмаса да, 2023 жылдан бері бұл елден Қазақстанға 4 адам, оның ішінде жалған ақша жасау және алаяқтық үшін экстрадицияланған.

 

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button