Әлем жаңалықтары

749 млрд доллар: Илон Маск триллионер болуға бір қадам жақын

Америкалық кәсіпкер Илон Маск адамзат тарихында 749 миллиард доллар иеленген алғашқы тұлға атанды, деп хабарлайды qandastar.kz сайты Forbes басылымына сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, бұл көрсеткішке Делавэр штатының Жоғарғы сотының төменгі инстанция шешімін жойып, Илон Маскқа тиесілі Tesla акцияларына берілген опциондарды қайта заңды деп тануы әсер еткен. Аталған опциондардың қазіргі құны – 139 миллиард доллар. Forbes бағалауы бойынша, сәтті апелляциядан кейін кәсіпкердің байлығы 749 миллиард долларға жетті.

Шешімнен соң Tesla Илон Масктың ең қымбат активі мәртебесін қайта алды. Опциондардан бөлек, оның компаниядағы 12 пайыз қарапайым акциялары бар, олар 199 миллиард долларға бағалануда. Осылайша, Tesla активтерінің жалпы құны 338 миллиард долларға жетті.

Бұл қаражатқа қараша айында Илон Маскқа берілген рекордтық компенсациялық пакет кірмейді. Егер компания алдағы он жылда нарықтық капитализацияны сегіз есеге ұлғайтса, ол Маскқа 1 триллион доллар көлемінде қосымша акция алуға мүмкіндік береді.

Масктың екінші ең құнды активі – SpaceX компаниясындағы 42 пайыз үлесі. Оның қазіргі құны шамамен 336 миллиард доллар. Желтоқсанда іске қосылған жеке тендерлік ұсынысқа сай, компания 800 миллиард долларға бағаланған, ал тамызда бұл сома 400 миллиард болған.

Сарапшылардың айтуынша, Илон Маскты әлемдегі алғашқы триллионер қылатын компания – Tesla емес, SpaceX болуы мүмкін. Ол 2026 жылы IPO-ға 1,5 триллион доллар бағамен шығуы жоспарланып отыр.

Айта кетсек, өткен аптада Илон Маск SpaceX компаниясының құнының өсуіне байланысты тарихтағы алғашқы 600 миллиард доллар иесі атанған еді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button