Көрерменге Рэкетир фильміндегі рөлі арқылы кеңінен танымал актер Мұрат Бисембин, инсульт алып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы оның қызы мәлімдеді. Қазіргі таңда актер дәрігерлердің тұрақты бақылауында, деп жазады qandastar.kz.
Жақында актердың қызы Instagram желісінде әкесінің жағдайы туралы жазба жариялап, оның денсаулығы тұрақсыз екенін атап өткен еді:
«Әкемнің жағдайын жиі сұрайды. Нақты бір жауап айту қиын — кейде жақсы, кейде нашар. Біз әрдайым позитивті көңіл-күйді сақтауға, жағымсыз ойларға берілмеуге тырысамыз. Соңғы бір жарым жылда әкем мен анам көп қиындықтан өтті: ауруханалар, клиникалар, үздіксіз талдаулар, ем-дом, химиотерапия, қалпына келу кезеңдері…» — деп жазды ол.
Актердің әріптесі Жан Байжанбаевтың айтуынша, Мұрат Бисембин бір жылдан астам уақыттан бері онкологиялық дертпен күресіп келеді. Соңғы уақытта оның жағдайы күрт нашарлап, шұғыл түрде қымбат иммунотерапия қажет болған. Алайда бұл ем түрін сыртқы көмексіз алу мүмкін емес.
Осыған байланысты актердің әріптестері мен жақындары әлеуметтік желілерде қаражат жинау басталғанын хабарлады. Олар кез келген қолдаудың маңызды екенін — қаржылай көмек, дұға немесе жай ғана жанашырлық — ерекше атап өтті.



