2025 жылы «Отбасы банкінде» депозиті бар қазақстандықтар мемлекеттен берілетін сыйақының ең жоғары мөлшерін алу үшін жыл соңына дейін салымын белгілі бір деңгейге жеткізуі тиіс, деп хабарлайды qandastar.kz сайты El.kz-ке сілтеме жасап.
Биыл мемлекеттік сыйақының максималды көлемі 157 280 теңге болып отыр. Сыйақы салымшының бір жыл ішінде жинаған қаражатына есептеледі. Мемлекет депозитке салынған қаражаттың 200 АЕК-ке дейінгі бөлігіне 20% көлемінде қолдау көрсетеді. 2025 жылғы 200 АЕК 786 400 теңгеге тең.
Мысалы, егер салымшы бір жыл ішінде депозитіне 500 мың теңге жинаса, мемлекеттен 100 мың теңге сыйақы алады. Яғни әрбір салынған 10 мың теңге үшін 2 мың теңге көлемінде үстемақы қарастырылады. Алайда салым көлемі бұдан көп болған күннің өзінде, мемлекеттік сыйақы 157 280 теңгеден аспайды. Осындай жағдайда банк мамандары отбасы мүшелерінің атына жеке-жеке депозит ашуды ұсынады.
Маңызды шарттар: ең жоғары сыйақыны алу үшін депозиттегі қаражат 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін кемінде 786 400 теңге болуы қажет. Мемлекеттік сыйақы салымшылардың есепшотына 2026 жылдың алғашқы тоқсанында аударылады.
Қаржы сарапшылары алдағы жылдары бұл қолдау түрінің шарттары өзгеруі немесе мүлде тоқтатылуы мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан баспана алуды жоспарлап жүрген азаматтарға 2025 жылғы осы мүмкіндікті тиімді пайдалану ұсынылады.



