ЖаңалықтарЭкономика және бизнес

Қазақстан шағын бизнеске қолайлы ел ретінде көш бастап тұр — сарапшы

Экономист Айбар Олжаев Қазақстан Орталық Азия елдері арасында шағын бизнеске қолайлы жағдай жасап отырғанын айтты. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы хабарлады. 

Оның айтуынша, соңғы жылдары өңір елдері шағын және орта бизнесті қолдау туралы жиі мәлімдегенімен, нақты көрсеткіштер мен жүйелік шешімдер бойынша Қазақстан айқын алда.

«Қазақстанда шағын бизнеске арналған арнайы салық режимін қолдану шегі жылына шамамен 4,3 млн долларды құрайды. Бұл кәсіпкерлерге бизнесін бірден ауыр салық режиміне өтпей-ақ, еркін масштабтауға мүмкіндік береді. Ал Өзбекстанда бұл шек шамамен бес есе төмен, соның салдарынан кәсіпкерлер айналым өсе бастағанда қосымша салықтар мен күрделі есепке тап болады», — деді ол Facebook парақшасында. 

Сондай-ақ экономист Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін төлемдердің төмен, есеп берудің жеңіл әрі бюрократиялық кедергілердің аз екенін атап өтті. Бұл көлеңкелі экономикадан шығуды тиімді әрі қауіпсіз етеді. Өзбекстанда керісінше, тіркеу талаптары мен жиынтық жүктеме жоғары болғандықтан, шағын табыспен жұмыс істейтін азаматтарға қосымша қысым түседі.

Айбар Олжаев әлеуметтік саясатқа да назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстан жыл сайын денсаулық сақтау саласына 2,2 трлн теңге, әлеуметтік қолдауға 5,3 трлн теңге бөледі. Бұл 20 млн халыққа есептелген жүйе. Ал халқы екі есе көп Өзбекстанда бір адамға шаққандағы медицина мен әлеуметтік шығындар әлдеқайда төмен.

Экономистің пікірінше, қазіргі салық саясатының басты мақсаты – заңды шегерімдерді сақтай отырып, формальды және жасанды схемаларды жою. Нақты қызметі бар, қызметкерлері мен активтері қалыптасқан кәсіпорындарға қысым болмайды, ал айналымды әдейі бөлшектеуге негізделген модельдер үшін мүмкіндіктер шектеледі.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button