Екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосынов спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін қомақты сыйлықтарға ие болды, деп жазады qandastar.kz.
Қазақстандық боксшы 2025 жылы өткен салтанатты марапаттау рәсімінен видеоны әлеуметтік желілерде жариялады. Спортшының жоғары жетістіктерін мойындау белгісі ретінде оған 2 миллион теңгенің сертификаты мен ақ боз ат табысталды.
Сәкен Бибосынов – елдегі ең атақты боксшылардың бірі. Ол Токио-2020 Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатының алтын жүлдесін иеленген. Сондай-ақ 2025 жылы Дубайда өткен әлем чемпионатында (IBA нұсқасы бойынша) екінші рет әлем чемпионы атанды.
Бұдан бөлек, Сәкен Бибосынов Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері және Қазақстан чемпионы болып талай мәрте топ жарған.



