Атырауда Яна Легкодимованың аса қатыгездікпен өлтіріп, өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталғандар үкімге апелляциялық шағым түсірді. Бұл туралы жәбірленуші тараптың өкілі Ажар Әбділ хабарлады, деп хабарлайды qandastar.kz сайты tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, айыпталушылар мен олардың қорғаушылары алдын ала апелляциялық шағым берген.
Қылмыстық істер бойынша үкім жарияланған күннен бастап 15 күн ішінде шағым түсіруге мүмкіндік беріледі. Үкім 17 қарашада шықты. Қорғау тарапы үкіммен толық танысқаннан кейін апелляциялық шағымды толықтырып, өз уәждерін кеңінен ұсынуы мүмкін. Қазіргі таңда тек алдын ала апелляциялық шағым бар, – деді жәбірленуші тараптың өкілі.
Ажар Әбділдің сөзінше, қорғау тарапының негізгі талабы – өмір бойғы жазаны жеңілірек жазаға ауыстыру.
Менің білуімше, апелляциялық шағымда қорғау тарапы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айырумен алмастыруды сұрап отыр, – деп түсіндірді ол.
Еске салсақ, 2025 жылғы 17 қарашада Атырау соты 24 жастағы Ризуан Хайржанов пен 25 жастағы Алтынбек Катимовты аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Олар Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 7-тармағы – алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып адам өлтіру және 202-бабы 2-бөлігінің 6-тармағы – алдын ала сөз байласу арқылы бөтеннің мүлкін қасақана жою баптары бойынша айыпталған болатын.
Айыптардың жиынтығы бойынша сот әрқайсына төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сот марқұмның анасы Галина Легкодимованың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды. Үкімге сәйкес, сотталғандар 1 млн 955 мың теңге материалдық шығынды және әрқайсысы 15 млн теңгеден моральдық өтемақыны ортақ тәртіппен төлеуге міндеттелді.



