Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің өкілдері әншінің жанкүйерлеріне шұғыл мәлімдеме жасады, деп жазады qandastar.kz.
Мәлімдемеде өзін Димаш Құдайбергеннің команда мүшесі ретінде таныстырып, жанкүйерлер мен фан-клубтарға ақша аударуды сұрайтын алаяқтық жағдайлар тіркеліп жатқандығы айтылды.
Команда өкілдерінің сөзінше, қоса берілген скриншотта осындай жалған хабарламаның үлгісі көрсетілген. Онда көрсетілген есімді пайдаланған адамның әртіс командасына еш қатысы жоқ және мәлімделген міндеттерді атқармайды. Мұндай өтініштер фан-клуб мүшелігін рәсімдеу, альбом немесе концерт үшін қаражат жинау, сондай-ақ іс-шараларды ұйымдастыру қызметтерін төлеу сылтауымен жасалуы мүмкін.
Димаш Құдайбергеннің командасы жанкүйерлерге келесілерге назар аударуды сұрады:
Димаш Құдайберген мен оның командасына қатысты барлық қаржылық мәселелер тек ресми анонстар, концерттер, мерчандайзинг сатылымы және басқа да ресми арналар арқылы жүзеге асырылады.
Димаш Құдайберген мен оның командасы ешқашан жеке хабарламалар, жеке электрондық пошталар, WhatsApp, WeChat, Telegram және өзге де ұқсас платформалар арқылы төлем сұрамайды.
Қазіргі уақытта ресми ақылы фан-мүшелік бағдарламалары жоқ.
Сонымен қатар, команда алаяқтық схемалардың барған сайын күрделеніп, сенімді көріне түскенін атап өтті. Кейбір жағдайларда жасанды интеллект көмегімен жасалған аудио және бейнематериалдар қолданылуы мүмкін.
«Біз баршаңызды барынша сақ болуға және бұл ақпаратты таратуға шақырамыз, өзге адамдар алаяқтардың құрбаны болып қалмауы үшін», – делінген мәлімдемеде.



