Қазақстандық үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай кәсіпқой боксқа ауысу мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп жазады qandastar.kz.
32 жастағы спортшының айтуынша, өзі кәсіпқой рингте күш сынап көруге қызығушылық танытады, алайда әзірге ешқандай ұсыныс түспеген.
«Көп адам сұрайды, бірақ нақты ұсыныс болған жоқ. Қазір промоутерлік компаниялар көп, дегенмен ешкім дебют жасау туралы ұсыныспен келген емес. Шынымды айтсам, кәсіпқой бокста өзімді байқап көргім келеді, өйткені ол жақта бәрі басқаша — дайындық та, жүйе де өзгеше. Егер ұсыныс түссе, қуана келісер едім. Қазір көптеген әуесқой спортшылар кәсіби рингте де өнер көрсетіп жүр, бұл ұлттық құрамада бокстасуға кедергі келтірмейді», — деді Қызайбай Tengri Sport-қа берген сұхбатында.
Сондай-ақ Назым кәсіби боксты тұрақты түрде қадағалап жүретінін және кәсіби рингте өнер көрсетіп жүрген таныс спортшылардың көп екенін атап өтті.
«Бізде кәсіби бокста жүрген қыздар бар. Мысалы, Фируза Шарипова Кэти Тейлор мен жұдырықтасты — бұл Қазақстандағы әйелдер кәсіби боксы үшін ең маңызды жекпе-жек болды. Сонымен қатар Ангелина Лукас, Балауса Мұздиман, Элина Базарова, Милана Сафронова бар. Қыздардың жекпе-жектерін қарап, жанкүйер болып отырамын», — деді ол.



