Бүгін Астанада қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының базасында Ұлдана Мырзуанды еске алуға арналған мемориалдық тақта ашылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан фельдшерге арналған рәсімге Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қатысты.
«Біз Ұлдананың жадына басымызды иеміз. Оның әрекеті – шынайы батылдықтың, адалдықтың және жоғары біліктіліктің мысалы», — деп жазды денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Министрдің айтуынша, Ұлдана туралы естелік ол оқыған медициналық колледждің қабырғасында сақталады – аудиториялардың біріне оның есімі беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, 8 қараша күні елордада көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционер блогы опырылып түскен болатын.
Салдарынан бес адам зардап шекті, олардың ішінде жедел жәрдемнің екі фельдшері болған.
23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан 8 қарашадан бастап жансақтау бөлімінде жатты, алайда ауыр жарақаттар салдарынан көз жұмды.
Марқұм фельдшер «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.



