ЖаңалықтарҚаржы және төлемдер

Экономист әр қазақстандыққа айына 300 мың теңгеден беруді ұсынды

Қазақстандықтардың басым бөлігі тұрақты сапарларға шығу, мәдени шараларға бару және сапалы тамақтану секілді орта тапқа тән өмір салтына қол жеткізе алмай отыр. Осындай жағдайда экономист Қуат Әкежанов әлеуметтік теңсіздікті азайтып, ел экономикасына серпін беру үшін қазақстандықтарға шартсыз базалық табыс төлеуді ұсынды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Digital Business басылымына сілтеме эасап хабарлайды.

Spik.kz талдау орталығының жетекшісі, саяси экономика ғылымдарының докторы Қуат Әкежановтың пікірінше, шартсыз базалық табыс дегеніміз – мемлекет әр азаматқа ешқандай талапсыз, тұрақты түрде қаржы төлеуі. Экономистің айтуынша, бұл идея Қазақстанда ішінара «Келешек» бағдарламасы арқылы іске аса бастағанымен, оның көлемі мен тиімділігі жеткіліксіз.

– Мемлекет азаматқа тек азамат болғаны үшін ақша төлейді. Бірақ қазіргі бағдарламаларда бұл идея толық іске аспай отыр. Кәмелетке толған кезде баланың шотында бір-екі мың доллар ғана жиналады, ал инфляцияны ескерсек, ол қаражат толыққанды білім алуға да жетпейді, – деді экономист.

Әкежанов базалық табыс нақты нәтиже беруі үшін оның көлемі айтарлықтай болуы қажет екенін атап өтті.

– Бұл символикалық көмек емес, шын мәнінде тірек болатын сома болуы тиіс. Ай сайын әр ересек азаматқа 200–300 мың теңге төлеу керек. Мұндай табыс қана адамдардың өмір сапасын өзгертеді және әлеуметтік теңсіздікті азайтады, – дейді ол.

Экономист Қазақстанда «көрсетіп тұтыну» кең таралғанын, ал шын мәнінде халықтың көп бөлігі тұрақты табыс пен әлеуметтік қауіпсіздікке ие емес екенін айтты. Оның сөзінше, базалық табыс адамдарды жек көретін жұмысқа байланып қалудан құтқарып, білім алуға, кәсіби дамуға және шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жұмыс берушілерді еңбекақыны көтеруге мәжбүрлейді.

Базалық табысты қаржыландыру мәселесіне келсек, есеп бойынша мұндай төлемдер жылына ондаған триллион теңге қажет етеді. Алайда Әкежанов Қазақстанда бұл қаражат бар деп есептейді.

– Ұлттық қорда ондаған миллиард доллар жинақталған. Біз бұл ақшаны шетелдік бағалы қағаздарға салып отырмыз, ал адам капиталына инвестиция салынбайды. «Ақша жоқ» деу – аз ғана топтың мүддесін қорғау, – деді ол.

Экономист бұрын Ұлттық қор қаржысының ірі банктерді құтқаруға жұмсалғанын да еске салды. Оның айтуынша, болашақта құрылымдық өзгерістер болмаса, бұл ресурстар да жоғалып кетуі мүмкін.

Сонымен бірге Әкежанов базалық табыс инфляцияны күшейтеді деген пікірмен келіспейді. Ол мұны «неолибералды миф» деп атап, байлықтың қалай бөлінетіні саяси және экономикалық шешімдерге тікелей байланысты екенін айтты.

Экономистің пікірінше, шартсыз базалық табыс елде реиндустрияландырумен қатар іске асуы тиіс. Бұл ішкі сұранысты арттырып, отандық өндірістің дамуына жол ашады. Сонымен бірге мұндай төлемдер барлық азаматқа табысына қарамастан берілуі және қазіргі әлеуметтік жәрдемақыларды алмастырмай, толықтыруы қажет.

Қуат Әкежанов Моңғолия, Иран және Финляндиядағы тәжірибелерді мысалға келтіріп, бұл елдерде базалық табыс халықтың әл-ауқатына оң әсер еткенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан үшін бұл бастама терең әлеуметтік-экономикалық реформаларға бастайтын маңызды құрал болуы мүмкін.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button