Кембридж және Питтсбург университеттерінің ғалымдары адам миының күрделі өмірге қалай бейімделіп, қалай өзгеретінін зерттеді. Зерттеу нәтижесінде мидың дамуы бес негізгі кезеңнен тұратыны белгілі болды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі Іnosmi_kg парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ғалымдар диффузиялық МРТ әдісін қолдана отырып, жаңа туған сәбилерден бастап 90 жасқа дейінгі шамамен 4 мың адамның миын салыстырмалы түрде талдаған. Алғашқы маңызды өзгеріс 9 жас шамасында байқалады. Одан кейінгі өтпелі кезеңдер 32, 66 және 83 жасқа сәйкес келеді.
Зерттеу нәтижесі бойынша, адам миы толықтай тек 30 жасқа қарай қалыптасады. Осы кезеңде ми құрылымы тұрақтанып, оның әртүрлі аймақтары бір-бірінен айқын ажырай бастайды. Дәл осы жаста интеллект пен тұлғалық қасиеттердің дамуы белгілі бір деңгейде «платоға» жетеді.
Ал 66 жаста ми құрылымында ірі өзгерістер байқалмаса да нейрондық байланыстар біртіндеп қайта ұйымдаса бастайды және ақ заттың (white matter) функционалдық белсенділігі төмендейді.
Соңғы кезең шамамен 83 жаста басталады. Бұл уақытта ми жасушаларының жағдайы нашарлап, ми тұтас орган ретінде үйлесімді жұмыс істеуге бұрынғыдан аз сүйенеді.



