Байлығы 1,4 миллиард доллардан асатын қытайлық кәсіби инвестор Лю Синь әлеуметтік желіде қалыңдық іздеп жүргені туралы жазба жариялады. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі Qaimaq.media парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бастапқыда 30 жастағы ер адам жазбаны анонимді түрде жариялағанымен, кейін оны БАҚ алдында мойындап, шын атын атады. Өзін «ұсқынсыз емеспін, бірақ толықпын» деп сипаттаған Лю инвестиция нарығында танымал, бірнеше компанияның ірі жеке акционерлерінің бірі. Ол жазбаға пікір қалдыруға шектеу қоймай, нәтижесінде мыңнан астам пікір жиналды, кейбір әйелдер жеке деректері мен суреттерін де қалдырған.
Өзін «ғашық болғыш адам» деп атайтын Лю болашақ жұбайынан қаржылық сәйкестік талап етпейді. Оның айтуынша, жары мейірімді, жанашыр, балажан әрі патриот, ұлттық көзқараста болуы тиіс.
Желі қолданушылары оның әйелді элиталы ортадан таба алатынын айтып, интернеттен іздеуіне күмән келтірді. Тіпті оны құлдыраған нарықтарға инвесторларды тартты деп айыптағандар да болды. Алайда Лю Синь бұл айыптауларды жоққа шығарып, заңсыз әрекетке бармағанын мәлімдеді.



