Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров туыстарының агробизнес саласындағы қызметі мен мемлекеттік субсидиялар төңірегіндегі сұрақтарға жауап берді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.
Министрдің ағалары, жұбайы, ұлы және күйеу баласы ауыл шаруашылығы мен агрохимия саласында жеке кәсіппен айналысады. Аталған шаруашылықтардың барлығы түрлі деңгейде мемлекеттік бюджеттен субсидия алады. Осыған байланысты редакция министрден бұл жағдай мүдделер қақтығысына әкелмей ме деген сауал қойған.
Ulysmedia тілшілерінің сұрағына министр шұғыл кездесуге бара жатып жауап берді. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бұл кәсіпорындардың ешқайсысында оның құрылтайшылық немесе басқарушылық үлесі жоқ.
— Мүдделер қақтығысы жоқ. Олар өз бетінше жұмыс істейді, мен ешқайсысының құрылтайшысы емеспін. Жалпы, субсидиялар жергілікті деңгейде бөлінеді. Министрлік бұл процестен шеттетілген, барлық өкілеттіктер облыстық әкімдіктерге берілген, — деді министр.
Сонымен қатар материалда субсидияларды бөлу жүйесінің Айдарбек Сапаровтың қызметтік мансабымен тұспа-тұс келгені де атап өтіледі. 2023 жылы ол Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарған. Дәл осы өңірде министрдің туыстарына тиесілі агробизнес нысандары шоғырланған.



