ЖаңалықтарСараптамаЭкономика және бизнес

Бюджетке талдау: Әскери салаға қаржы көп бөлініп, білім беру саласына қолдау азаяды

Қазақстанның 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетінде негізгі идея – мұнайдан тыс дефицитті қысқарту және мемлекеттік қаржылардың мұнайға тәуелділігін азайту. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы LS сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жаңа Салықтық және Бюджет кодекстері бюджеттің институционалдық негізін қалыптастырып, трансферттерді азайту мен салық түсімдері арқылы олардың орнын толтыру механизмін бекітеді. 2026 жылы республикалық бюджетке Ұлттық қордан 2,77 трлн теңге трансферт бағытталуы жоспарланып отыр. Бұл биылғы 5,25 трлн теңгеден айтарлықтай төмен, яғни трансферттердің бюджеттегі үлесі 25%-дан 12%-ға дейін қысқарады.

Трансферттер қысқарғанмен салық түсімдерін арттыру арқылы оларды толықтыру көзделген. Нақтырақ айтқанда, қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі 16%-ға көтеріліп, тіркеу шегі 43,25 млн теңгеге дейін төмендетілді. Ресми болжам бойынша, бұл ҚҚС түсімін 6,5 трлн теңгеден 10 трлн теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кедендік түсімдер 2026 жылы 2,4 трлн теңге деңгейінде жоспарланып отыр, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 600 млрд теңгеге көп.

Алайда басқа салықтар бойынша елеулі өсім күтілмейді. Мысалы, ірі бизнеске салынатын корпоративтік табыс салығының түсімі 2026 жылы тек 2%-ға өседі деп жоспарланған. Бұл қазіргі жылы КПН жоспарының тек 92,4%-ы орындалғанын ескерсек, ірі бизнестің белсенділігі баяу екенін көрсетеді.

Бюджет шығыстары 2026 жылы 2025 жылмен салыстырғанда номиналды түрде 4,3%-ға өседі деп күтілуде. Соның ішінде қорғаныс шығыстары 20%-ға, қоғамдық тәртіпке – 10%-ға, әлеуметтік көмектер мен әлеуметтік қамтамасыз етуге – 14%-ға, ал қарыздарды өтеуге – 39%-ға артпақ. Сол уақытта мемлекеттік қызметтерге 24%, білім беру шығындары 44%, жергілікті бюджеттерге субвенциялар 7%-ға азаяды.

Ең елеулі қысқару  білім беру саласында орын алмақ. Ол биыл 1,4 трлн теңге болса, 2026 жылы 800 млрд теңгеге дейін төмендейді. Бұл, бір жағынан, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аяқталуымен байланысты, бірақ негізгі себеп – трансферттердің қысқаруы. Мысалы, балабақша педагогтарының жалақысын көтеруге бөлінген 92 млрд теңге және техникалық, кәсіптік білім беретін студенттерге стипендияны арттыруға арналған 82 млрд теңге трансферттері тоқтатылады.

Жергілікті бюджеттер де қысқарулардан зардап шегеді. Трансферттер 407 млрд теңгеге азаяды, ал республикалық бюджетке олардың кірістерінен 372 млрд теңге қайта аудару жоспарланып отыр. Бұл жергілікті бюджеттердің жалпы кірістерінен шамамен 5%-ын жоғалтуға әкеледі.

Мамандар бюджет шығыстарының орташа өсімі жалпы дефицитті азайтуға және фискалды ынталандыруды әлсіретуге бағытталғанын атап көрсетеді. Сонымен қатар салық түсімдерінің республикалық бюджеттегі үлесі 71%-дан 83%-ға дейін өседі деп болжануда.

Алайда AERC сарапшысы Асхат Мұхтарұлы бұл сценарийдің орындалуына қатысты күмән білдіреді. Ең үлкен белгісіздік – ҚҚС түсімдерінің 54%-ға өсуі. Егер болжам шындыққа сәйкес келмесе, бюджет көрсеткіштері айтарлықтай әсер алуы мүмкін. 2025 жылы ҚҚС түсімі жоспарланған көлемнің тек 91,8%-ын құрағаны осыны дәлелдейді.

Бұл жағдайда Ұлттық қордан трансферттерді қайта арттыруға жол ашылады. Жаңа Бюджет кодексі олардың қолданылуын шектейді: трансферттер енді тек ұлттық жобаларға, критикалық маңызды объектілерге және жалпыұлттық жобаларға жұмсалуы тиіс. Мемлекеттік активтерді ішкі қаржы құралдарына орналастыру да шектелген.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button