Полиция қызметкерлері құны шамамен 15 миллион теңге болатын Changan CS75 Plus маркалы автокөліктің ұрлығын жедел ашты. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Liter.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Күдікті ретінде жәбірленушінің 25 жастағы бизнес-серіктесі анықталды. Тергеу мәліметінше, екеуі жұмыс бабымен басқа қаладан елордаға бірге келген. Олар жалдамалы пәтерге орналасып, оқиға болған түні жәбірленуші ұйықтап қалған.
Осы сәтті пайдаланған күдікті оның күртесінің қалтасынан көліктің кілтін жасырын алып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Таңертең полиция қызметкерлері ұрланған автокөлікті қала көшелерінің бірінен қараусыз қалдырылған күйде тапты. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды.
Полиция азаматтарға жеке қауіпсіздік шараларын сақтауды және таныс адамдармен бірге болған жағдайда да жеке заттарына мұқият болуды ескертеді.



