2025 жылдан бастап ашық қолжетімді болуы тиіс мемлекеттік қызметкерлердің кірістері мен мүлкі туралы декларациялары ресми ресурстарда әлі жарияланған жоқ. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі Кazakh_inform парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Осыған байланысты журналист Жания Уранкаева міндетті декларациялау талаптарының орындалуы жөнінде өткір сұрақ қойды.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Такиев декларациялардың не себепті әзірге жарияланбағанын түсіндірді. Оның айтуынша, декларацияларды жариялау Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрын бекіткен құжатқа сәйкес 31 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады.
— Қазіргі таңда декларациялар негізгі көрсеткіштерсіз қабылданып жатыр, — деді министр.
Ол декларацияда есепті кезеңде сатып алынған немесе сатылған мүлік, шетелдегі активтер, шетелдік банктік шоттар мен қатысу үлестері ғана көрсетілетінін атап өтті. Егер бір жыл ішінде мұндай операциялар болмаған жағдайда, декларация іс жүзінде бос болып шығады.
— Биылғы жылға арналған өз декларациямда да мәліметтер жоқ, — деді Мәди Такиев.
Еске сала кетейік, 2025 жылдан бастап Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктері, депутаттары мен судьялары кірістері мен мүлкі туралы декларацияларын ашық дереккөздерде жариялауға міндетті. Бұл бастама мемлекеттік басқаруда ашықтықты арттырып, қоғамның сенімін нығайтуға бағытталған.



